...«Игорь жасағы туралы жыр» тақырыбындағы курстық жұмысты екі-ақ күннің ішінде жазып шығуға болар еді. Тарауды оқулық бойынша өз сөзіңмен айтып беріп, сынақтан өте саласың. Мені құртқан «Ленинка» болды. Қызық үшін каталогтерге қарасам, «Сөз» туралы жүздеген еңбек жазылыпты. Әуестікпен бірнеше атауына тапсырыс бергенмін. Сол күні кешке қарай курс жұмысын «Игорь жасағы туралы жырдағы» түркі сөздері» деп атау керек екенін түсіндім.
Революцияға дейінгі осынау ежелгі мұраның зерттеушілері оның әр сөзіне бола таласып-тартысты. Журналдар «кощей» сөзінің шығу төркініне қатысты Корж бен Мелиоранскийдің дауларына көптеген беттерін арнады. Поэма авторы Қоншақ ханды жек көріп «жексұрын кощей» деп атады, князь Игорь талқандалу мен тұтқындалудан кейін «алтын ер-тоқымнан кощей еріне ауысып отырды».
Контексте пайдаланудан әлдеқашан шығып қалған «жексұрын құл», «құлдың ер-тоқымы» деген сөз мағынасы ұғылып тұрды. Мұндай шешім талқылаудың қорытындысы деп танылды да, ғылымға енді. Сөйтіп келесі жұмыстардың бір де біреуінде дауға түсірілген жоқ. Ғалымдар негіз бен лингвистиканы түркі тілдерінен тапты: қос – 1) біріктіру, жұп, 2) біріктір, қосақта; қосшы – 1) серік, 2) жер жырту кезіндегі көмекші (қырғ.). Ғасырдың орта шенінде ауыспалы «құл» деген ұғым пайда болуы мүмкін деп долбарланды. Алайда мұндай уәжге «Сөздің» тарихи контексі кедергі келтірді. Автор Қоншақ ханды қаншалықты жек көргенімен, оны – жеңімпазды «жексұрын құл» деп атамас еді. Одан соң 12 ғасырдағы осынау «құл» деген ұғымның барлық оқырмандарға түсінікті анық славяндық анықтауышы тұрғанда, бұлыңғыр түркі сөзін қолданудың қаншалықты қажеттілігі бар?
Ақыр аяғында, зерттеушілер Ажалсыз Кощейдің батырлық-ертегілік атын неліктен ескермеген? Дәл осы кейіпкерге құлдық атақ ешбір жанаспайды. Татар-моңғол шапқыншылығы дәуірінде Русь төтеп берген барлық зұлым, өлмейтін дүлей күштер осынау бейне арқылы жинақтала кейіптеледі.
Мен батырлық жыры туралы әдебиетті жаздырып алдым да, өз долбарымның бағытында алғашқы қадамымды жасадым: әр түрлі кезеңдерде әр түрлі аңыз-ертегішілер жазған мәтіндерде бұл есім ұяң созылыңқы ызың дыбыстар арқылы келтіріледі – Кощщий, Кощщей, Кощщеище.
Ал егер, «Сөздің» авторы да оны созылыңқымен айтса қайтер еді? Мәтінді мұқият қарап шықтым – әріп қабаттасып жазылатын бір де бір сөз жоқ. Шежірелерді де тексердім. Сөйтіп шешімге келдім – ежелгі орыс жазушылары жазу жолын үнемдеу үшін, тегінде, осы «сауатсыздыққа» саналы түрде барған екен. Және егер тіпті Автордың өзі «русский», «оттвориша», «кощщиево», «кощщей» деп сөйлегенімен, «руский», «отвориша», «кощеево», «кощей» деп жазуға міндетті болған...
Корж-Мелиоранский пікірталасында келтірілген «қосшы» сөзі орысша айтылуында созылыңқы ызың, тіпті бәлкім, ұяң дыбысты болып өзгеруі мүмкін. Әйткенмен, орыстанған сөздің өз мағынасымен сәйкеспеуі қадірлі түркі тілдері мамандарының қағидасымен келісуге бөгет жасады.
Бес айлық геологиялық практикамда мен жер бетіне таяу мұнай көздерін іздеумен айналыстым. Біздің шағын отрядымыз Үстірт пен Маңғышылақ шөлдерін шарлап, бұлақтарды тауып, айдалада бос қалған құдықтардың суын зерттей жүріп, сирек елді-мекен тұрғындарының қонақжайлығына куә болды. Солардың бірінен біз Үстірт пен Каспийдің арасындағы әрбір құм төбені жатқа білемін деген бір ширақ ақсақалды жұмысқа алдық: «Мен енді ғана отырықшымын, ал бұрын жас кезімде шағыз көшші едім. Бүкіл даланы кездім, көлікпен де, жаяу да жорттым!» –Ол біздің отрядқа қабылдануға жанын салды! Анау – өзі мен оның ата-тегі «көшпенді» деген ұғымға мағына сіңірген соның сөзі; мен «Ажалсыз Кощщейді» оқыған сәтте соны еске алдым. Мұндай семантика терминнің ежелгі орыс әдебиетіне ауызша да, жазбаша да бірдей қабылдану жағдайын әбден ақтайды. Христиандық Русьтің пұтқа табынудың Жабайы өрісіне қарсы тұрған кезеңінде Көшпенді – «поганый кочевник» – «жексұрын көшпенді», яғни, «басқа діндегі көшпенді, пұтқа табынушы» деген христиандық мінездемеге ие болуы мүмкін. («Поганос» грекшеден алғанда – христиан емес.) Сондай-ақ тайынбас-фаталистік «ажалсыз», өлмейтін деген сипат алған. «Тұтқынға түскен Игорь алтын ер-тоқымнан көшпендінің еріне ауысып отырды».
Мен сонда алғаш рет өте танымал, қадірлі ғалымдардың қателесуі мүмкін екенін түсіндім. Сөйтіп олардың қателігі тарала-тарала ғылыми ақиқатқа айналмақшы. Корж пен Мелиоранский, одан соң орыстың барлық түркі тілі мамандары қазақтың көш деген сөзін аңдамаған –1) көшу, 2) көш. (Одан соң арада көптеген жылдар өткенде көне сөз, мәселен, «етістік - есім» ретінде қосымшасыз екі-үш грамматикалық мағынада көрінетін – «грамматикалық синкретизм» ұғымын терең сезіндім. Бұл сөз ескі атаулы пішінінде қазір өте сирек қолданылады, сондықтан таяуда Қаз. ССР Терминкомы етістіктенген көшпе – «көшу» зат есімін жасады және осыдан келіп көшпелi адам – «көшпенді» түсінігі шығады. Сөзбе-сөз – «көшетін ел». ХХ ғасырға дейін осынау өмір салты мен шаруашылық жүргізу ғұрпын сақтаған Орта Азияның ең соңғы көшпенділері өздерін осынша күрделі де астарлы есіммен атауға мәжбүр. Сонда мыңдаған жылдар ішінде неғұрлым тиімді термин ойлап таба алмағандары ма?
Өлең – бұл ассоциациялар ағыны. Оған тек геометриялық прогрессиямен ірге кеңейтетін мүмкіндік берсең болғаны, бастапқы ойың батып кетеді. Бұл шығармашылықтағы ең қиын нәрсе – әуестік хаосында діттеген ой бағытын сақтау. Әйтеуір, ешқашан да әуелгі жоспарлағандай аяқталып көрген емес. Менің курстық жұмысымда да зат есімге жалғанып, қазақшада – «ші/шы», басқа түркі тілдерінде – «чи/чi» қызметші жұрнағы ретінде «тіршілік иесі есімін» жасайтын жаңа тарау пайда болды: «темiр» – «темiр-шi» – ұста; «балық» – «балықшы»... Өзге түркі тілдерінде: «казна» – қазына, «қазынашы» – казначей (ескі тат.) және т.б.
Осылайша мен қазақтың ежелгі көш деген сөзінен туындайтын көш-ші – көшпенді – 1) көшу, 2) көш лексемасына шықтым.
«Қаратаудың басынан
көш келедi,
Көшкен сайын бip тайлақ
бос келeдi...»
Қазақтың ең мұңды әндерінің бірі.
(Мен осынау ырғақ пен образды тарихи цикльдегі өз өлеңдеріме пайдаландым:
«Кочует с Чёрных гор
родной аул
и каждый год
одно седло – пустое...»
***
Бұлардың бір де бірі туралы оқулықтар жақ ашпады. Мен қатарлы адамдар сөз тарихы мен халқымыздың тарихы жайында дайын нәрсені оқи салмай, қаншама жылдар бойы бүкіл жер бетіне шашырап кеткен мозаика көріністерін құрастырып, өз қиялыңда бір бұрышынан сенің де ру-тайпаңа орын табылатындай ежелгі дәуірлер картинасын қайта тірілту үшін жұлма-жұлма деректерді сараптап, өздері біліп алуға мәжбүр болды. Геолог ретінде мен жер қыртысының – жергілікті және органикалық жыныстардың пайда болу тарихынан сол кезде-ақ хабардар едім. Көмір, алтын мен мұнай, граниттер, саз балшық пен әк тас генезисін білетінмін. Жарық дүниедегі халықтар тарихы туралы да едәуір түсінігім бар еді. Русь-Ресейдің князьдық-патшалық өткені туралы мектепте жүріп-ақ жап-жақсы біліп алғанбыз. Еуропа, Солтүстік Америка, Қытай, Үндістан, Аравия, Осман Империясы – мұны да орта білімді адам деңгейінде білетінбіз.
Қазақтар жөнінде маған тек, 17-ші жылғы төңкеріске дейін біздің екі бірдей езгінің – патшалық тепкі мен жергілікті феодалдардың қанауында болғанымыз ғана мәлім еді. Оқу бағдарламасы бойынша бұдан артық ештеңе ұсынылған да жоқ. Және бәрін терең білуге онша құмартпайтын едік.
Профессор Сидельников маған сол курс жұмысын тапсырып тұрып, орта ғасырлық князь Игорьдің Еділ бойында көшіп жүрген қыпшақтарға жорығы туралы Сөздің маған күтпеген жерден түрткі болатынын, әсіресе, бәрінен бұрын менің Қазақ тарихына деген керемет қызығушылығымды туғызатынын ойламағаны анық. Өз бабаларымның сөзі кезінде бір тамырдан өсіп-өнген түркі тілдері тобына кіретінін білгенде мен алғаш рет қандас бауырластықтың айрықша сезімін бастан кештім. Атавизм түйсігі, бірақ бұл адамды жас болсаң да қатты қанаттандырып жібереді екен.
Түркілік рухты түйсінген соң мен өз жан-жүрегімде бұрын-соңды болмаған қасиеттердің бой көтергенін сезіндім, оны суреттеп те отырғым келмейді, бірақ осы мені тұлға ретінде қалыптастырып, дүниетанымымның іргетасы бөлшегіндей түркі дүниесіне деген албырт көзқарасымды дамытуға түрткі болды.
...Сонда тұңғыш рет саналы түрде орыс тіліне деген құрметім оянғанын аңдадым. Көпшілігі өздерін туғызған сөйлеу мәнерінен шығып қалған ежелгі түркі сөздерінің түрі мен мазмұнын аса өзгертпей сақтай алған қаситетіне бола...
***
Бір кездері КОЩЩИЙ жалпы орыс тілінде сайын сақара, Жабайы Дала тұрғынының атауы еді. Бұдан соң күрделі түркі сөзі жеңіске жетеді. Түркі-салжұқтар орыстың оңтүстік шекарасына 11 ғасырда, Византиямен күрес кезеңінде келе бастайды. Бұған дейін Тағы Далада қазақтардың, татарлардың, қарақалпақ, ноғай, балқарлардың ата-бабалары – қыпшақтар көшіп-қонып жүрген еді. Және бұлар шығыс әдебиетінде Дешті-Қыпшақтар («Қыпшақ Даласы») деп аталды. «Коч-еви» «кощ-щині» қашан ығыстырып шығарады?
«Игорь жасағы туралы Жыр» (1185 г.) «кощей», «кощиево» сөздерін түп нұсқа мағынасында – көшпенді, көшу мағынасында қолданады. Сөйтіп батырлық жырлары сол дәуірден бастап, сонау қыспақ кезеңінде әбден жағымсыз мағына сіңген дақпыртты – аңыз сөзді отырықшы Русь қасыретіндегі ең сүйкімсіз кейіпкердің – Ажалсыз Көшпендінің аты арқылы жеткізеді.
О,О. Сүлейменов
Таңбалар тілі. – Алматы, «Олжас кітапханасы» Баспа үйі, 2014. – 384 б.
Кітапты орыс тілінен аударған Құлтөлеу Мұқаш
Ұсынған: Гүлім Жақан
Пікір қалдыру